"Палеарктика қырандары: зерттеу және қорғау" III Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы

ҚАУЫРСЫНДЫ ЖЫРТҚЫШТАР ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ҚОРҒАУ. АРНАЙЫ ШЫҒАРЫЛЫМ 2. АННОТАЦИЯЛАР

КҮЗГІ МЕРЗІМДЕ ЖЫРТҚЫШ ҚҰСТАРДЫҢ БАТЫС КАВКАЗ АРҚЫЛЫ ҚОНЫС АУДАРУЫ

Перевозов А.Г. (Кавказ қорығы, Майкоп, Ресей)


Контакт:
Александр Перевозов perevozov-kgz@mail.ru
Ұсынылатын дәйексөз: Перевозов А.Г. Күзгі мерзімде жыртқыш құстардың Батыс Кавказ арқылы қоныс аударуы. – Пернатые хищники и их охрана. 2023. Спецвып. 2. С. 202–206. DOI: 10.19074/1814-8654-2023- 2-202-206 URL: http://rrrcn.ru/ru/archives/35027


Кавказ қорығы және оның төңірегінде 2006–2022 жылдары тамыз және қараша айлары аралығында экспедиция мен стационарларда зерттеулер жүрді.

Зерттеу аймағында жалпы жыртқыш құстардың көшіп-қонуы кең саппен, ал кіші Лаба өзенінің аңғарында қарқындырақ жүреді. Тау бөктерінде ауылшаруашылық егін даласы бар, тауларда құстар ауа райы қолайсыз болған жағ- дайда демалады және азықтанады, кейін күн райы жайлана бастағанда олар басты Кавказ жотасын ұшып өтеді. Бақылаушыға жыртқыш құстар тобы тау бөктерінде немесе Альпі аймағында теңіз деңгейінен 1800-3000 м биіктіктен жақсы көрінеді. Құстар теңіз деңгейінен 500–1700 м биіктіктегі орман алаңқайларынан іс жүзінде көрінбейді – олар бұл жаққа аса қолайсыз жағдайда немесе жарақат алғанда сирек түседі.

2006 жыл мен 2022 жылдар аралығында күзгі миграция кезінде тамыздан қарашаға дейінгі мерзімде 27 түрге жататын 20780 дара жыртқыш құс есепке алынды. Осы түрлердің барлығы дерлік белгілі бір дәрежеде белсенді көшіп қонады, сақалтай (Gypaetus barbatus) (64 дарасы кезікті) мен бүркіттен (Aquila chrysaetos) басқасы, себебі олар бірыңғай отырықшы түрлер. Тіпті Ақбас құмай (Gyps fulvus) (54) популяциясының бірталайы мен тазқара (Aegypius monachus) (14) да қоныс аударады және құмай мен тазқараның жамансары (Buteo buteo) және қара кезқұйрық (Milvus migrans) тобымен бірге ұмтыла ұшатынын анда-санда болса да байқауға болады.

Ең қарқынды жаппай көшу (11685 дара) 2009 жылы бақыланды; 2021 жылы (3229); 2022 жылы (2213); 2018 жылы (1378). 2007 және 2014 жылдары қоныс аудару байқалған жоқ. 2008, 2015, және 2017 жылдары саны 100 дарадан кемі есепке алынды. Қалған жылдары 100 ден 1000 дараға дейін кездесті. Қыркүйек пен қазан айларында тауларда жиілеген созылмалы жауын-шашыннан кейін күн райы ашылысымен құстар толқындай топтаса ұшып өтеді. Жаппай ұшуды жылда байқау мүмкін емес, себебі экспедициялар кейде жайсыз ауа райында өтеді. Мұндай кезде біз құстардың кері қайту құбылысын көріп қалдық, олар өзен аңғарымен ұшып өтіп, ырық бермес бүркелген қалың бұлтқа тап болып, қайтып оралды.

Ең көп кездескен түр – 15630 дара болған жамансары, оның шамамен 10000 дарасын 30.09.2009 таңертеңнен түскі 12-ге дейін байқадық. 24.09.2009 бір топта 700 данасы, ал 26.09.2009 күні 900 дарасы кезікті. Дәл осындай жаппай топтанулар 02.10.2016 (300 дара); 27.09.2018 (410); 28.09.2018 (300); 29.09.2021 (750); 02.10.2022 (436) болды. Басым көпшілігі – жамансарының далалық түршесі B. b. vulpinus.

Саны бойынша қара кезқұйрық екінші орынды алады. Жалпы 3680 дарасы кезікті, оның 2063-і 2021 жылы, 1304-і 2022 жылы есепке алынды. Көлемді топтанулар 01.10.2011 күні (300 дара); 29.09.2021 (410); 24.09.2021 (1500); 26.09.2022 (965); 02.10.2022 (280) бақыланды.

Ал үшінші орынды аражегіш (Pernis apivorus) алады. Барлығы 619 дара есептелді, 518-і 2018 жылы байқалды. Олар жалғыз-жарым (n=8) немесе топпен (n=22) 34 дараға дейін, орташа есеппен 15-ке дейін ұшады.

Қырғилардың (Accipiter nisus) 105 дарасы есепке алынды. Олар да жалғыз немесе жұппен, басқа жыртқыш құстар тобымен немесе бөлек ұшады.

Тау етегінде 06.10.2022 күні жүзге жуық дала қырандары (Aquila nipalensis) құраған топтың кездесуі ерекше болды. Басқа мерзімде жалғыз ғана дарасы 21.08.2018 күні кездесті.

17 жылдық бақылау барысында кездестірген саны 100 ден кем құстардың қалған түрлері: кіші қыран (Aquila pomarina) – 93; саз құладыны (Circus aeruginosus) – 78; шалғын құладыны (Circus pygargus) – 23; дала құладыны (Circus macrourus) – 20; бақалақтақ бүркіт (Hieraaetus pennatus) – 13; (Accipiter gentilis) – 13; түз құладыны (Circus cyaneus) – 10. Саны 10-нан кем құс түрлері: аққұйрықты субүркіт (Haliaeetus albicilla), кәдімгі тілеміш (Buteo rufinus), шаңқылдақ қыран (Aquila clanga), қарақұс (Aquila heliaca), жыланжегіш бүркіт (Circaetus gallicus), балышы тұйғын (Pandion haliaetus) және дала күйкентайы (Falco naumanni).

Ұшу фенологиясының жалпы көрінісі мынадай: ұшып өту тамыздың ортасында аражегіштер пайда болысымен басталады. Осы мерзімде бірлі-жарым бақалақтақ бүркіт, саз құладыны мен түз құладыны, қара кезқұйрық пен жамансарылар ұшып өтеді. Қыркүйектің ортасы мен қазанның ортасы аралығында жамансары мен қара кезқұйрықтың жаппай миграциясы орын алады. Саз құладыны, қара кезқұйрық, жамансары, қырғи, бақалақтақ бүркіт, кіші қыран, дала құладыны секілді түрлердің миграциясы бүкіл күз кезеңіне созылады. Аражегіш пен түз құладынының қоныс аударуы тығыз мерзімде яғни 1–2 аптада өтеді.

Осы нәтижелер Батыс Кавказда күз мезгілінде жыртқыш құстардың ірі қоныс аударуы жүріп жататынын көрсетеді. Біздегі деректер бұл ағынның аз ғана бөлігін қамтиды, себебі көшіп-қону жүріп жатқан 3 айдың 2–3 аптасында ғана есеп жүргіздік және бір жерден қоныс аударатын құстардың аз ғана мөлшерін байқауға болады. Біздің бағалауымызша, күздің бір мезгілінде тек Кавказ қорығы арқылы 100 000-нан аса жыртқыш құс ұшып өтеді. Неғұрлым жете және толық деректер алу үшін бүкіл ұшып өту мерзімінде бір бақылаушының ғана емес, ауысыммен істейтін зерттеу тобының стационарлық есеп жүргізуі қажет. Стационарға қолайлы орындардың бірі – кіші Лаба өзені аңғары жақсы көрінетін Ятыргварта тауының батыс беткейі болуы мүмкін, мұнда ең қарқынды көшіп-қону ағыны жүреді.

Солтүстік Кавказ арқылы ұшу кезіндегі дала қыраны (Aquila nipalensis). Р. Бекмансуровтың фотосы.

Балықшы тұйғын (Pandion haliaetus) – сол жақта, жоғарғыда, бүркіт (Hieraaetus pennatus) – сол жақта, төменде, аражегіш (Pernis apivorus) және ақсары (Buteo buteo) – оң жақта, жоғарғыда, кезқұйрық (Milvus migrans) – оң жақта, төменде. А. Перевозовтың фотосы.

Жасаң бүркіт (Aquila chrysaetos). А. Перевозовтың фотосы.